12 нау, 2020 сағат 15:12

Алматыға коронавирус келген жағдайда не болады - әкімдік жауабы

Бүгін Алматыда өткен қоғамдық кеңес отырысында қала әкімінің орынбасары, штаб басшысы Ержан Бабақұмаров коронавирус жұқпасы Алматыға келген жағдайдағы «Б» жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жергілікті масштабта Төтенше жағдай жарияланады. Халықты құлағдар ету үшін ахуал орталығы, сайт ашылады. Колл-орталық жұмыс істейді. Басында айтылған 3 санаттағы адамдармен жұмыс істеу үшін медицина мамандарын жұмылдыру қолға алынады. Одан бөлек үйлерде карантин бекітіледі. Адам қайтыс болған жағдайда оны жерлеу мәселесі де ерекше режімде ұйымдастырылады. Қоғамдық көлік жұмысы қайта қаралып, жұқпалы аурулардан зарарсыздандыру жүйесі орнатылады. Адам көп шоғырланған қоғамдық орындар мұқият тазаланады. ПИК жұмысы қайта үйлестіріледі», - деді ол.

Қала әкімінің айтуынша, Алматыда азық-түлік пен дәрі-дәрмекті үздіксіз жеткізу қолға алынады.

Айта кету керек, Алматыда коронавирус инфекциясы зертханалық тестілеуде бір де бір адамнан табылмады.