"Алматыэлектркөлік" жол апатына ұшыраған екінші автобус жүргізушісінің жағдайын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қалалық тасымалдаушы компания мәліметінше, №201 автобустың жүргізушісі қолы сынып, №4 қалалық ауруханаға жатқызылды. Қоғамдық көлік жүргізушісі ретіндегі еңбек өтілі - 10 жыл, компанияда 2021 жылдың 19 наурызынан бастап жұмыс істейді.
Жүргізушінің жасы 59-да. Компания жүргізуші жаман әдеттері жоқ, жауапты қызметкер екенін айтты.
"Алматыэлектркөлік" ЖШС автобустар тежегіштерінің істен шыққандығы туралы ақпаратқа да пікір білдірді.
"2022 жылдың 23 қыркүйегінде №201 маршруттың автобустарының саны арттырылып, жаңартылды. ЛиАЗ маркалы 18 автобустың орнына 2022 жылы құрастырылған Golden Dragon маркалы 24 автобус жолға шығарылды. Шара жолаушылар тарапынан сұраныстың артуына байланысты қолданылды.
Автобустар ауыстырылғаннан кейін жүріс интервалы 12 минуттан 6-7 минутқа дейін қысқарды. Автобустар биыл мамыр айында сатып алынды, қазіргі кезде шығарушы зауыттың кепілдемесінде, техникалық ақаулары жоқ, техникалық түйіндері мен агрегаттары, сондай-ақ тежегіштері ақаусыз жұмыс атқарып тұр", - делінген хабарламада.
Еске салайық, жол апаты Төле би көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысында болған. Апат салдарынан бір адам қаза тауып, 17 адам ауруханаға жеткізілген және бір адам медициналық көмектен бас тартқан.
Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы дерегін тексеріп жатқан Алматы қалалық ПД анықтау басқармасы мәліметінше, ЖКО сызбасына және бейнебақылау жүйелерінің талдауына сәйкес, сағат 14:05-те жеке тасымалдаушылардың біріне тиесілі "МАЗ-203069" қоғамдық көлігінің жүргізушісі 1987 жылы туған А. есімді ер адам, Абылай хан даңғылымен оңтүстік бағытта келе жатып, Төле би даңғылының қиылысында бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетіп, Төле би даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан "GOLDEN DRAGON XML6125CN" маркалы қоғамдық көлікпен соқтығысқан.
Бұл дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Тиісті сараптамалар тағайындалды.