17 сәу, 2020 сағат 13:45

Алматыдан елдің өзге аймақтарына жолаушы тасымалдаған жүргізушілер ұсталды

Алматыда жолаушыларды басқа аймақтарға заңсыз тасымалдаудың тағы бір жолы кесілді.

Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жолаушыларды қаладан Қазақстанның оңтүстік облыстарына жеткізбек болған жеке жүргізушілер ұсталды.

«Енгізілген төтенше жағдай режиміне қарамастан, жолаушыларды қаладан Алматы және Жамбыл облыстарына заңсыз тасымалдау фактілері әлі де жалғасуда. Жақында полицияның жедел-іздестіру шаралары кезінде 10-нан астам такси жүргізушісі ұсталды. Олар қызметтері үшін бір адамнан 10-нан 20 мыңға дейін ақша алған», - деп хабарлайды қалалық ПД баспасөз қызметі.

Бұл адамдардың барлығы төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Оларды сот кінәлі деп тапты. Белгіленген шектеулерге қарамастан, карантин аймағынан шыққысы келген жолаушыларға қатысты да тап осындай жауапкершілік қарастырылған. Олардың іс-әрекеттері ҚР ӘҚбК-нің 476-бабына сәйкес қарастырылады.