Әл-Фараби, Саин, Шығыс айналма жолындағы жылдамдық режімін сақтамағандарға ескерту жасалады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық ПД сілтеме жасап.
Бүгіннен бастап Әл-Фараби, Саин, Шығыс айналма жолындағы жол жылдамдығы сағатына 80 шақырымнан 60 шақырымға түсірілді.
«Бұған сәйкес жол белгілері құзырлы органдармен біріге отырып орнатылды. Бүгін «Жол қозғалысы қауіпсіздігі автоматты ақпараттық жүйесінің» баптаулары өзгертіліп жатыр. Ертеңнен бастап жол ережесін бұзған жүргізушілерге тұрғылықты мекенжайы бойынша ескерту жіберілетін болады. Бұл жүргізушілерді өзгеріске үйретуге қажет шара. Ақпараттық хабарландыру жұмыстары бірнеше ай көлемінде жүргізіліп келеді», - деді ПД Әкімшілік полициясы басқармасының бастығы Жандос Мұраталиев.
Полиция әлемдік тәжірибенің озық үлгілерін мысалға келтіреді. Лондон, Нью-Йорк қалаларында осындай шектеуден соң жол апаты көрсеткіші күрт азайған.
«Жыл басынан бері Алматыда 4 203 жол апаты болған. Оның басым көпшілігі жылдамдық 60- 80 км/сағ трассаларда болды. Орташа есеппен күніне 12 жол апаты тіркелген. Алматыда былтыр жыл басынан бері 121 адам көз жұмған. Яғни, әр үш күн сайын Алматыда 1 адам көз жұмады. Әлемдік тәжірибеде осындай статистиканы азайту үшін жол қозғалысы жылдамдығын азайту қолданылады. ДДҰ мәліметінше, жылдамдықтың 5%-ға артуы адамдарға жарақат келтіретін жол апатының 10%-ға, адам өліміне соқтыратын жол апатын 20%-ға артырады.
Одан бөлек сарапшылардың айтуынша, жылдамдықтың азаюы жол ұзақтығын тек 2 минутқа ғана арттырады. Егер осы екі минутта бір адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болса, онда бұл шектеуді енгізгеніміз бекер емес»- деді қалалық ПД-ның ресми өкілі Салтанат Әзірбек.