05 ақп, 2020 сағат 10:32

Алматыдағы туроператорларға коронавирус тіркелген елдерге тур ұйымдастырмау ұсынылды

Алматы туризм басқармасы туроператорларға коронавирус тіркелген елдерге туристерді тасымалдамауды ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мұндай телефонограмманы қалалық Туризм басқармасының басшысы Сәбина Аманкелді Алматыдағы туристік ұйымдардың бірінші басшыларына жіберді.

«ҚР Үкіметінің 27 қаңтардағы №10 қаулысына сәйкес ҚХР азаматтарына арналған 72 сағаттық визасыз режім 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін тоқтатылды. ҚР азаматтарының қауіпсіздігі мақсатында туроператорларға коронавирус жұқпасы тіркелген елдерге баруға немесе турист тасымалдамауға ұсыным жасалды», - деді басқарма басшысы Сәбина Аманкелді.

Туризм басқармасы нақтырақ айтқанда 27 мемлекет Қытай, Таиланд, Гонконг, Жапония, Сингапур, Аустралия, Тайвань, Малайзия, Макао, Оңтүстік Корея, АҚШ, Франция, Германия, БАӘ, Канада, Италия, Вьетнам, Үндістан, Непал, Филиппин, Шри-Ланка, Ұлыбритания, Ресей, Камбоджа, Финляндия, Испания және Швеция елдеріне шықпау керектігі ескертілді.

Еске сала кетсек, қазіргі мәлімет бойынша коронавирустан әлемде 490 адам көз жұмған.