сурет: Табылды Кадырбеков
Бір жыл бұрын 2016 жылы 18 шілдеде еліміздің халық ең тығыз қоныстанған қаласы — Алматыда болған террорлық акт барша жұртты есеңгіретті. Лаңкес Руслан Күлекбаев тоғыз адамды атып өлтірген.
Sputnik Қазақстан агенттігіне хабарлаған дереккөзге сүйенсек, Руслан Күлекбаев Қостанай облысы Арқалық қаласында орналасқан түрмеде отыр. Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланған, сол себепті өлім жазасына кесілген қылмыскерлер аса қатаң тәртіпте ұсталады.
"Күлекбаев арнайы камераға қамалған, сондықтан басқа түрмедегілермен араласпайды. Күніне бір рет далаға шығады. Күлекбаевтың мінез-құлқы нашар, үнемі тәртіп бұзады", — деді агенттікке сұхбат беруші.
Арқалық түрмесінде отырған мерзімде лаңкес бірде-бір рет хат жазбаған. Туған-туыстарымен де, адвокатпен де кездеспепті.
Қаралы күн
Біз Алматыда болған терактіні басынан бастап, қайта баяндаймыз.
Алғашқы кісі өлімі – 17 шілде 2016 жыл: Руслан Күлекбаев Алматыда жезөкшелікпен айналысқан Өзбекстан елінен келген әйел адамды атып тастады. Тергеу барысында анықталғандай, ол әйел адамды айналысып жүрген ісіне діни көзқарасы бойынша қарсы болғандықтан өлтірген.
18 шілдеде Алмалы аудандық Ішкі істер бөлімі төңірегінде сағат 10:54-те атыс болды. ІІМ берген ақпарат бойынша, қылмыскер полиция мекемесіне кірмек болады, құжатын көрсетуден бас тартқан ол кезекші қызметкерді жаралап, оның қаруын тартып алады да, тағы екі полицей мен қарапайым азаматқа оқ атып, қашып кетеді.
"Алматылық атқыштың" соңынан қуып, ұстау кезінде, ол тағы бірнеше полицейді атып, үшеуін өлтіреді. Бұл жерде кереғар мәлімет берілген: әуелі бірнеше адамның шабуыл жасап, Toyota көлігіне мініп қашып кеткені айтылса, кейінен лаңкестің көлікке отырып, жүргізушіні қорқытып, көлікті айдауға мәжбүрлегені анықталды. Жолда ол полиция көлігін атқылап, екі полицейді жаралайды. Кейбір БАҚ өкілдері белгісіз дереккөздерге сілтеме жасап, болған оқиғаны басқаша баяндайды: қаруланған Күлекбаев АІІБ мекемесіне кіріп, бірде-бір полицейді таппай сыртқа шығыпты-мыс.
Руслан Күлекбаев 10 минут ішінде Алматы ҰҚК департаменті мекемесіне жетеді. Қайта атыс басталады: лаңкес кіреберісте кезекшілікте тұрған патрулдік полицейлерге оқ жаудырған. Құқық қорғау органдарының екі қызметкері қаза тауып, біреуі жараланды. Көлік жүргізушісі қашып кеткен. Күлекбаев шекара қызметкерінің автокөлігін тартып алу үшін, оны өлтіреді де, тағы бір азаматты жаралайды.
Бірнеше сағаттардан соң ресми ақпарат жарияланды: лаңкес "Лада" көлігіне отырып алып, жүргізушіні жол жүру ережесін бұзып, әрі қарай жүруге мәжбүрлеген. "Қызылға" өтіп кеткен көлікті патрулдік полиция байқап, соңынан ілесіп, тоқтатқан: лаңкес тағы да оқ ата бастайды. Бір полицей жараланып, екіншісі қаза табады.
Лаңкес сағат 11:30-да "Қазақконцерт" ғимараты маңында ұсталған, яғни Алмалы АІІБ шабуылдағаннан кейін бір жарым сағаттан соң. Террористті ұстау кезінде екі полицей жарақат алды.
Сағат 12:20-да террорлық қауіптің қызыл деңгейі енгізілді. Сол кезге дейін қаланың қару дүкендерінің бәрі шұғыл түрде жабылған. Көп ұзамай нысандардағы күзетті күшейтуге бұйрық беріліп, қала аумағындағы әскери бөлімшелер күшейтілген режимде қызмет ете бастады.
Теракт салдары: құқық қорғау органдары мен басқа да мемлекеттік органдардың сегіз қызметкері мен екі азамат қаза тапты. Бұрын метал шарбақпен қоршалған Алматы аудандық ішкі істер бөлімі ғимараты 2016 жылы күзде дуалмен қоршалды.
Дуалмен қоршалған Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі
Терактіге қатысты жайттар
Биыл көктемде сотқа Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі басшысы Асқар Болатов пен оның қол астындағы екі қызметкер – Қайрат Аманжолов пен Сырым Баймеңдиевке қатысты іс түсті. Олар қызмет барысындағы әрекетсіздігі мен салғырттығы үшін айыпталған.
Болатов кепілмен шығарылды, ал Аманжолов пен Баймеңдиев ешқайда шықпайтынын жазып қолхат берген.
2016 жылы 2 қарашада Руслан Күлекбаев барлығы 68 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына сотталды және кісі өлтіру, қастандық жасау, қарақшылық шабуыл, қару ұрлау және заңсыз пайдалану, заңсыз қару әзірлеу, заңсыз бас бостандығынан айыру, көлік айдап әкету, террорлық акт қылмыстары үшін өлім жазасына кесілген. 2003 жылы Елбасы қол қойған мораторийға байланысты өлім жазасы әлі орындалған жоқ.
Күлекбаев сот залында
Сен кімсің, Руслан Күлекбаев?
"Алматылық атқыш" туралы алғашқы дерек теракт болған күні пайда болды.
ҚР ҰҚК төрағасы Владимир Жұмақанов 1990 жылы 11 маусымда туған Күлекбаев Руслан Алпысбайұлының ұсталуы туралы айтып берді. Қызылорда облысының тумасы, бұрын Байқоңырда тұрған, үйленген. Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылында тұрып, ұялы телефон сатумен айналысқан.
2010 жылы 27 тамызда Шымкент қаласы Еңбекшіқазақ аудандық сотының шешімімен ҚР ҚК 178-бабы 2-бөлігі "Күш қолдану арқылы тонау" бойынша сотталған. 2012 жылы 8 мамырда Қызылорда қалалық сотының шешімімен 251-бап бойынша ("Оқ ататын қаруды заңсыз сатып алу және сақтау") 2 жыл 11 айға бас бостандығынан айырылды. Алдын ала берілген мәлімет бойынша, Қазақстанда тыйым салынған діни ағым ұстанушыларымен түрмеде танысқан.
18 шілдеде қылмыс жасауына құқық қорғау органдары қызметкерлерінен түрмеде өткізген жылдары үшін кек алу мақсаты себеп болған.
Тергеу барысында теракт және лаңкестің өзіне қатысты жаңа деректер туындайды: ол полицейлерден ғана емес, судьялар мен прокурорлардан да өш алмақ болыпты. Сол себепті АІІБ-нен бұрын Алмалы аудандық сотына барып, арнайы форма киген адамдарды күткен. Ешкімді жолықтырмаған соң, полиция басқармасына аттанған.
Күлекбаев бозбала кезінде кикбоксингпен айналысқан. Пейнтбол ойыны арқылы қару атуды да үйреніпті.
Бірінші рет Күлекбаев 2010 жылы әйел адамды тонағаны үшін сотталған. Ол жәбірленушінің басынан ұрып, 115000 теңге салынған сөмкесін алып кеткен. Бұл қылмысы үшін болашақ лаңкес екі жылға шартты түрде сотталады.
Ал түрмеге 2012 жылы түседі. Ол кезде Күлекбаевтан револьвер, оқ-дәрі және бәсеңдеткіш табылып, 3,5 жылға сотталған еді.