28 шіл, 2023 сағат 12:15

Алматыдағы Райымбек даңғылында реверсивті жолақ пайда болады

Көрнекі фото: newsmir.info

Жылу желілерін реконструкциялауға байланысты 28 шілде сағат 00:00-ден 10 тамызға дейін Алматы қаласының Жетісу ауданындағы Райымбек даңғылы бойында Байзақов көшесінен Казаков көшесіне дейін батыс бағытта автомотокөлік қозғалысы жабылады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» «Алматы жылу желілері» ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кептелісті азайту үшін бұл аумақта уақытша реверсивті жолақ бөлінбек. Реверсті жолақ - бұл жолдардағы қозғалыс бағыты қарама-қарсы боп өзгеруі мүмкін арнайы жолақ.


"Бұған қоса, күн сайын сағат 15:00-ден 19:00-ге дейін жылу желілерін жаңғыртуға қатысты жұмыстарды жүргізу уақытында жол қозғалысына қосымша бақылау шаралары қолданылады.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасына сәйкес, құрылысшылар даңғылдың асфальт жабынын қалпына келтірудегі барлық жұмысты оқу жылы басталғанға дейін аяқтайды. Мердігер құрылыс ұйымы жылу магистралін реконструкциялауды тәулік бойы, кідіріссіз жүргізеді. Бұл үшін құрылған бригадалар орындалған жұмыстардың сапасын барынша қамтамасыз етіп, нысанда бірнеше ауысымда жұмыс істейді.

Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында аталған жолдың астындағы құбырда жоспарлы жұмыс жүргізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін уақытша шектеулер енгізіледі" - делінген хабарламада.

«Алматы жылу желілері» ЖШС мәжбүрлі қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, көрсетілген учаскені айналып өту жолын алдын ала қарастыруды сұрайды.