Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қосымша білім алуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мені алаңдататын жайт - тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалардың қосымша білім алуына мүмкіндік жоқ. Тегін үйірмелер тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді. Сондықтан, бізге қосымша және орта білім беру жүйесінің қызметін толық үйлестіру қажет. Ол үшін қосымша білім беруді дамытып, оны мектеп бағдарламасымен белсенді түрде біріктіру қажет. Үйірмелер мен секцияларды қаржыландыру үшін бизнесті тарту қажет. Мектептер қалалық ортаны белсенді пайдалануы керек. Оқушының білім алуы мен дамуы үшін қаламыздың мүмкіндіктері баршылық», - деді әкім Алматыдағы білім беру жүйесі қызметкерлерінің форумында.
Сонымен қатар, ол Алматыдағы Оқушылар сарайының жағдайын баяндап берді.
«Сенбі күні мен Оқушылар сарайында болдым. Онда көбіне Медеу ауданының балалар келеді. Тарихи ерекше ғимарат. Бірақ ішіндегі қосымша білім беру жүйесі заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Бұл к- еңестік форматтағы қарапайым сыныптар. Қарапайым үстелдер, шкафтар, парта үстіндегі компьютерлер бәрі-бәрі бұрынғы. Біз оқушылар сарайын жөндеуді бастаймыз. Мен мамандарға не істеу керектігін қарап, айтуды тапсырдым. Маған тренажер залы, бассейн, іс-шаралар мен кездесулерге арналған үлкен және кіші залдарды ғана көрсетті. Балаларға арналған басқа бөлмелер қайда?! Үлкен ғимарат ескі стандартқа сай жұмыс істейтін болады», - деді А Бақытжан Сағынтаев.
Сондай-ақ, ол барлық аудандағы мектеп басшыларына көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары үшін мектеп қабырғасында тегін секциялар мен үйірмелер ұйымдастыруды тапсырды.
«Бүгінгі таңда оқушыларға арналған үйлер мен музыка мектептері қаланың орталығында орналасқан. Бұл қала шетіндегі аудандар үшін қолайсыз. Мәселен, 40 мыңнан астам бала оқып жатқан Алатау ауданында бір ғана мектеп үйі бар. 14 мыңға жуық оқушысы бар Наурызбай ауданында қосымша білім берудің бірде бір ұйымы жоқ. Сондықтан біз біртіндеп қаланың шет жағында мектеп оқушыларының сарайлары мен үйлерін салуымыз керек. Оларды абаттандыру бойынша көптеген жұмыстар күтіп тұр. Жүздеген балалар ойын және спорт алаңдарын салу қажет.», - деп атап өтті қала басшысы.