12 ақп, 2020 сағат 14:45

Алматыдағы көлік оқиғасы: прокурор ағайындыларды 15 жылға соттауды сұрады

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаяу жүргіншілерді көлігімен қасақана қаққан ағайындылардың ісі бойынша жарыссөз өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мен соттан Жандос Әлікеевті 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын»,– деді прокурор.

Мемлекеттік айып тағушы Дінмұхаммед Әлікеевке де сонша жыл сұрады.

Естеріңізге салайық, 26 тамызда таңғы сағат 5-те Алматы қаласы Бостандық ауданы Гагарин көшесінде болған қақтығыстан кейін бір тараптың өкілдері өз қарсыластарын автомобильмен қағып, қылмыс орнынан бой тасалаған. Видео әлеуметтік желіде тараған болатын.

Кейіннен полиция адамдарды қаққан көліктерді тауып, тәркіледі. Екі көлік айғақ зат ретінде ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс материалдарына тіркелді.

Содан кейін, күдіктілердің ағайынды екені анықталды. Олардың анасы ұлдарының мұндай қадамға өздерін қорғау үшін барғанын алға тартты.

Полиция 27 тамызда 1995 жылы туған Жандос Әлікеевті ұстады. Ал екінші күдікті 16 қыркүйек күні ұсталды. Ол Алматы облысының аумағында полициядан жасырынып жүрген.

Бұған дейін, сотта екі жәбірленуші сотталушыларға қарсы ешқандай шағымдары жоқ екенін айтқан.