18 қаз, 2019 сағат 11:24

Есірткі дауы: Алматыдағы қоғамдық көлік жүргізушілері тексеріледі

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілерін жаппай тексеріс күтіп түр. Бұған себеп, есірткі қолданған әріптестерінің қылығы, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2019 жылдың 17 қазанында жол полициясы құжаттарды тексеру барысында № 103 бағдардағы автобустың жүргізушісін ұстады. Оның мінез-құлқы мен өзін-өзі ұстауы күдік тудырған. Полиция қызметкерлері бірден оны медициналық тексерістен өтуге алып барған. Факт расталды. Осыдан кейін жүргізуші жұмыстан шеттетіліп, кәсіпорында аталған факті бойынша қызметтік тергеу басталды», - деп хабарлайды «АлматыЭлектротранс» ЖШС.

Қызметтік тексеру нәтижесі бойынша, қоғамдық көлік жүргізушісі таңертең жоспарлы медициналық тексерістен өткендігі анықталды.

Тасымалдаушы компанияның хабарлауынша, қазіргі уақытта жүргізушінің «есенгірететін шөпті» қайда, қашан және қандай жағдайда қолданғаны анықталуда.

«Алматыэлектротранс» ЖШС атынан осы жағдай үшін кешірім сұраймыз. Мұндай факті бізді де таң қалдырды. Біз енді жаппай тексеруді бастаймыз», - деді «Алматыэлектротранс» ЖШС.

Естеріңізге салайық, кеше Алматыда есірткі қолданған автобус жүргізушісі ұсталды. Ол жолаушыларды тасымалдаған.