Қазіргі уақытта «Зерделі» ықшамауданындағы қисайған көпқабатты үйде жүрігізіліп жатқан жұмыстар туралы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Сараптама нәтижесі бойынша, үйді қайта қалпына келтіруге болады. Қазір жұмыс жүріп жатыр, тағы 3-4 айға созылуы мүмкін. Ол жағын нақты айта алмаймын. Сол үйдің тұрғындары басқа жақта пәтер жалдап тұрып жатыр. Оның ақшасын әкімдік төлейді. Үйдің іргетасы бетонмен толтырылады. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Біз тұрғындармен үнемі кездесіп, түсіндіріп отырамыз», - дейді аудан әкімі.
Еске салайық, 11 желтоқсанда Алатау ауданындағы «Зерделі» шағынауданының тұрғындары үйлерінің қисайғанын айтып дабыл қаққан еді.
Кейін Бақытжан Сағынтаев қисайған үйдің тұрғындарымен кездесіп, әкімдік оларды көшіруге дайын екенін жеткізді.
Қаңтардың 18 күні прокуратура қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімдеме жасады.