Алматыда сауда орталығында орналасқан банкке күмәнді пакет қалдырып кеткен ер адам ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Медеу аудандық полиция басқармасының хабарлауынша, пакеттің иесі Алматы қаласының 22 жастағы тұрғыны болып шықты.
«Ұсталған азамат пакеттің өзіне тиесілі екенін бірден растады. Оның айтуынша, құрылғыларды өсімдік өсіру әдістерін жетілдіру үшін қолданып жүрген. Ол тұрмыстық бұйымдар салған пакетін банк бөлімшесінде ұмытып кеткен екен. Азамат А.-ның келтірген дәйектері міндетті түрде қайта тексеріледі. Аталмыш факті ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі бірыңғай тергеу тізіліміне енгізілді»,– деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Болат Тотыбаев.
Еске салайық, Назарбаев даңғылында орналасқан сауда орталығына келушілер күдікті пакетке байланысты эвакуацияланған болатын.
Ал 10 ақпан күні Алматы халықаралық әуежайынан адамдар эвакуацияланған еді. Оған себеп «102» нөміріне жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабардың түсуі. Ғимарат қоршауға алынып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Ақпарат расталған жоқ. Полицейлер жалған хабар берді деген күдікпен 23 жастағы жігітті ұстады. Ол қалалық психоневрологиялық диспансерде есепте тұрады.