Алматыда қатты жел мен жауын-шашынның салдарынан қаланың әр аймағында көпжылдық ағаштар құлап, автокөліктерді басып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қалалық полиция департаментінен мәлім еткендей Алмалы ауданында орналасқан тұрғын үйдің ауласында ағаш құлап, «Митсубиси» мен «Субару»автокөліктерін қиратты.
Масанчи мен Шевченко көшелерінің қиылысындағы стадионның бетон қоршауына үлкен ағаш құлап, салдарынан сол жерде тұрақта тұрған автокөліктерді зақымдады.
Төле би мен Байзақов көшелерінің қиылысындағы әкімшілік ғимараттың материалы автокөліктің төбесіне құлады. Бұдан сол маңнан өтіп бара жатқан жаяу жүргінші де зардап шекті. Оған дәрігерлер бас жарақаты мен мидың шайқалуы диагнозын қойды.
«Қазіргі уақытта қаланың муниципалды қызметтер қолайсыз ауа-райының салдарын жоюда», - деп мәлім етті қалалық полиция департаментінде.