Алматы орталығындағы автобус апатына қатысы бар жүргізуші қамауға алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Алматы қаласы тергеу сотының қаулысымен 11 қарашада сотқа дейінгі тергеу органдарының күдікті А-ға қатысты 2 айға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініші санкцияланды. Қамауға алу мерзімі 2023 жылдың 9 қаңтар күніне дейін белгіленеді", - дейді Алматы қалалық сотының ресми өкілі.
Еске салайық, жантүршігерлік апат 8 қараша Төле би көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысында болған еді.
201-ші бағдардағы автобус екінші қоғамдық көлікті бүйірінен соққан. Салдарынан 21 адам медициналық көмекке жүгініп, 1 адам оқиға орнында қайтыс болды. 9 адам аурухана төсегіне таңылды. Оның бірі - он үштегі жасөспірім.
Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы дерегін тексеріп жатқан Алматы қалалық ПД анықтау басқармасы мәліметінше, ЖКО сызбасына және бейнебақылау жүйелерінің талдауына сәйкес, сағат 14:05-те жеке тасымалдаушылардың біріне тиесілі "МАЗ-203069" қоғамдық көлігінің жүргізушісі 1987 жылы туған А. есімді ер адам, Абылай хан даңғылымен оңтүстік бағытта келе жатып, Төле би даңғылының қиылысында бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетіп, Төле би даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан "GOLDEN DRAGON XML6125CN" маркалы қоғамдық көлікпен соқтығысқан.
Бұл дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Тиісті сараптамалар тағайындалды.