Алматыда автобустар жол апатынан зардап шеккендерге City Bus ЖШС үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Компания директоры Егор Жиглов автобустардың бірі олардың автопаркіне тиесілі екенін растады.
"Кеше қаламыздың тұрғындары Абылай хан даңғылы мен Төле би көшесі қиылысында жол-көлік оқиғасының куәгері болды. Апатқа ұшыраған автобустардың бірі біздің компанияның балансында және жолаушылар мен багажды тасымалдаудың №98 тұрақты қалалық бағытына қызмет көрсетеді", - деді Жиглов.
Тасымалдаушы компания зардап шеккендер мен марқұмның отбасына көңіл айтты.
"City-bus ЖШС атынан және жеке өз атымнан қайғылы жағдайға байланысты марқұмның отбасына көңіл айтамын. Сондай-ақ, осы апатта зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Біздің компания тергеу нәтижесін күтпей-ақ зардап шеккендер мен марқұмның отбасына барлық қажетті көмекті көрсетуге дайын. Қазіргі уақытта жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, оған толық қатысып, зардап шеккендердің тізімі мен олардың жағдайын анықтап жатырмыз", - деді Егор Жиглов.
Еске салайық, жол апаты Төле би көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысында болған. Апат салдарынан бір адам қаза тауып, 17 адам ауруханаға жеткізілген, және бір адам медициналық көмектен бас тартқан.
Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы дерегін тексеріп жатқан Алматы қалалық ПД анықтау басқармасы мәліметінше, ЖКО сызбасына және бейнебақылау жүйелерінің талдауына сәйкес, сағат 14:05-те жеке тасымалдаушылардың біріне тиесілі "МАЗ-203069" қоғамдық көлігінің жүргізушісі 1987 жылы туған А. есімді ер адам, Абылай хан даңғылымен оңтүстік бағытта келе жатып, Төле би даңғылының қиылысында бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетіп, Төле би даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан "GOLDEN DRAGON XML6125CN" маркалы қоғамдық көлікпен соқтығысқан.
Бұл дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Тиісті сараптамалар тағайындалды.