Алматы қалалық ІІД өкілдері 27 маусымда Сәтбаев көшесі, №27 үйде орналасқан "Альфа банк" бөлімшесінен қанша қаражаттың тоналғанын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
"Ірі көлемдегі қаражат тоналды, шамамен 65 миллион теңге", - деді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек. Полициядағылар тергеу мүддесіне сәйкес басқа мәліметтерді айтпады.
Осыған дейін прокуратура Алматыдағы "Альфа банк" бөлімшесінің тоналғанын растаған болатын. "Альфа Банк" ресми түрде зардап шегіп отыр. Тонау дерегін аудандық прокуратура өз бақылауына алды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", - деген еді Бостандық ауданының прокуратура өкілдері.
Еске сала кетейік, кеше, 28 маусымда Алматы қалалық ІІД өкілдері екінші деңгейдегі банктердің бірі тоналғаны туралы мәліметті ресми түрде растаған болатын. Тонау дерегіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы ("Тонау") бойынша іс қозғалды. Ұрылар ірі көлемде қаражатты алып кеткен.