Фото: Tengrinews.kz/Алихан Сариев
Алматыда №98 автобустың жүргізушісі адам өліміне әкеліп соққан жол апатына кінәлі деп танылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында ҚР ҚК-нің 345 бабының 3 бөлігі бойынша ("Жәбірленушінің өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу") азамат А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
"Сот 2022 жылдың 8 қарашасында, сағат 14:00 шамасында айыпкер А. №98 автобусты басқара отырып, Абылай хан және Төле би көшелерінің қиылысында жол қозғалысы ережелерін елемей және бағдаршамның тыйым салушы қызыл белгісіне қарамай өтіп, Төле би көшесімен келе жатқан № 201 автобуспен соқтығысуға жол бергенін анықтады.
Жол көлік оқиғасының салдарынан №98 автобустың жолаушылары сыртқа құлап, жәбірленуші И. автобустың астында қалып, алынған дене жарақаттарының салдарынан көз жұмды, жәбірленуші К.-нің денсаулығына ауыр залал келтірілді және жәбірленуші Ш.-ның денсаулығына ауырлығы орташа деңгейдегі зиян тиді" - делінген хабарламада.
ҚР ҚК-нің 345 бабының 3 бөлігінің санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызмет түрлерімен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Ал ҚР ҚК-нің 55 бабының 2 бөлігіне сәйкес, айыпты жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда жазаның негізгі түрінің мерзімі немесе мөлшері жазаның максималды мерзімінің 1⁄2-нен аспауы тиіс, яғни ҚР ҚК-нің 345 бабының 3 бөлігі бойынша бас бостандығынан айыру мерзімі 2 жыл 6 айдан аспауы қажет.
"Осыған байланысты Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпкер А.-ға 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал айыпкер А. сотта өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады.
Сот ҚК-нің 345 бабының 3 бөлігі бойынша айыпкер А.-ны кінәлі деп таныды және 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі максималды жазаны, сондай-ақ 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындады.
Азамат А.-ның жазасын жеңілдететін мән-жай – 3 жас баласының болуы, ал айыпты ауырлататын мән-жайлар жоқ" - делінген сот хабарламасында.
Сонымен қатар, моральдық залал ретінде азамат Ш. және К.-нің пайдасына жәбірленушілердің әрбіріне 2 млн. теңгеден және материалдық зиян ретінде Ш.-ның пайдасына 323 885 теңге өндірілген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.