2020 жылдың желтоқсанында Абай көшесін ұзарту жұмыстары аяқталады. Бұл туралы Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Санжар Тоғайдың айтуынша, Абай даңғылын созу жұмыстары жалғасуда. Егер жол түсетін учаскелер сатып алынса, кедергілер болмаса, құрылыс жұмыстары 2020 жылы толықтай аяқталады.
«Қазір бізде сот шешімі бар. Біз үйлердің басым бөлігін сатып алдық, шамамен 15% қалды. Баспаналарын сатқан адамдар төленген өтемақы мөлшеріне риза. Біз барлық үйлерді нарықтық бағамен сатып аламыз», - дейді Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай.
Жалпы, Абай даңғылын ұзарту үшін 194 жер учаскесін қайтарып алу қажет болған. Бүгінде 128-і сатып алынды, 36 учаске сатып алуға дайын, 25-і сотта және 3 учаске пайдалануда.
«Екі учаскені қосу қалды. Біз оны желтоқсан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Егер аталған мерзімге дейін үлгермесек, онда келесі жылдың бірінші тоқсанында бітіреміз», – деді Санжар Тоғай.
Сонымен қатар, ол өткен жылы республикалық бюджеттен жер сатып алуға қосымша 3,7 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.