видеодан алынған кадр
Алматыдағы базарлардың бірінде екі жүргізуші жолды бөлісе алмай, нәтижесінде олардың біреуі қару қолданған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әлеуметтік желіде тараған видеода шетелдік нөмірмен жүрген Toyota Estima көлігінің жүргізушісі жәбірленушіні атып, бір тепкені анық көрінеді. Кейін ол лезде көлігіне мініп кетіп қалған. Ал зардап шеккен азамат оны артынан қуған. Бірақ жете алмайды.
Содан соң жәбірленуші қанға боялған бетін ұстап, көлігіне жүгіреді.
Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерекке қатысты Наурызбай аудандық Полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыс бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
"Алдын ала мәлімет бойынша, базарлардың бірінің аумағында екі көлік жүргізушісінің арасында ауызша жанжал туындап, нәтижесінде олардың бірі қарсыласының бетінен атқан.
Күдікті полицияға жеткізілді. Оның атына тіркелген “ИЖ” газ тапаншасы қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелді" - дейді полиция өкілдері.