25 жел, 2019 сағат 09:37

Алматыда жол апатынан екі адам қаза болды

25 желтоқсанда Алматының "Барахолка" базары аумағында жол апаты болып, екі адам қаза болды, төрт адам жараланды деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментіне сілтеме жасаған жергілікті ақпарат құралдары.

"Екі көлік соғылып, "Лада" маркалы жеңіл көліктің жүргізушісі мен онда отырған жолаушы сол жерде көз жұмды. Hyundai Click көлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілген. Тағы үш жолаушы түрлі дәрежеде жарақат алып, ауруханаға жатқызылды" делінген қалалық полиция департаменті таратқан хабарламада.

Жол апатына байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-тармағы "("Жол-көлік ережелерін бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Еуропа одағы статистика қызметінің дерегінше, Қазақстан жол апаты көп болатын әлемдегі бес елдің қатарына енеді. Көлік апаттарының негізгі себебі ретінде жол ережесін сақтамау және жол сапасының нашарлығы аталады.

Сейсенбі, 24 желтоқсанда ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өткен аптада жүзден астам жол апаты тіркеліп, 39 адамның қаза болғанын мәлімдеген. Шамамен 160 адам жараланған. Министрдің айтуынша, жол апатының көбеюіне негізінен қолайсыз ауа райы және жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы себеп болып отыр.