02 қар, 2018 сағат 15:50

Алматыда Жогорку Кенештің экс-депутатына қатысты істің мән-жайы белгілі болды

Алматыда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында арнайы операция барысында ұсталған Қырғызстан Жогорку Кенешінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекұлына қатысты басты сот отырысы өтті, Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісі хабарлайды.

Дамирбек Асылбекұлымен бірге сот алдында тағы 11 адам жауап беруде. Басты сот қарауы барысында 37 жастағы Дамирбек Асылбекұлы анкеталық мәліметтерінде өзінің Қырғызстан азаматы екенін, үйленгенін және ұсталған уақытқа дейін Бішкекте тұрғанын баяндады.

Мемлекеттік айыптау нұсқасы бойынша, 2016 жылдың қараша айында Асылбекұлы Қырғызстан Парламентінің депутаты бола тұра, қызмет бабын асыра пайдаланып, материалдық пайда көру, заңсыз ақша табу мақсатымен трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарған. Топ Қырғызстаннан Қазақстанға және Ресейге аса ірі көлемде жеткізіліп тұрған тұрмыстық тұтыну заттарының экономикалық контрабандасымен айналысқан.  

Өз пиғылын кеден арқылы көрінеу жалған мәліметтер жазылған құжаттар арқылы жүзеге асырған. Мемлекеттік айыптаудың мәліметінше, экс-депутат Қазақстандағы достарына контрабандамен бірге айналысуды ұсынған. Ұйымдасқан қылмыстық топты өзі басқарып, қарамағындағы адамдарға  тапсырмалар беріп отырды.


Мемлекеттік айыптаушылардың айтуынша, контрабандалық тауарды Алматы қаласы бойынша кедергісіз өткізу үшін қылмыстық топ үлкен көлемде пара беріп келген.

Айта кетейік, сот процесіне Қырғызстан Парламентінің мүшелері тыңдаушы ретінде қатысты.

Еске салайық, ағымдағы жылдың ақпан айында ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында арнайы операция жүргізіп, 30-ға жуық адам ұсталды. Олардың арасында кеден органының, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер, делдалдар, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері бар. Арасындағы үшеуі Қырғызстан азаматы. Оның бірі - Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаты Дамирбек Асылбекұлы. 

Кейін анықталғандай, Дамирбек Асылбекұлының Қазақстан азаматтығы бар. Бұл ретте, сотталушының өзі Қырғызстан азаматы екенін атап өтуде.

Алматы соты тергеу кезінде Дамирбек Асылбекұлын қамауда ұстау мерзімін бірнеше рет ұзартқан болатын.