Алматыдағы жиһаз цехтарының бірінен өрт шықты.
17 қыркүйек күні түске қарай Алматы қаласының Жетісу ауданында жиһаз цехының қоймасы өртенді.
"Сағат 11:57-де Алматы қаласы "101" кезекші бөліміне жиһаз цехынан өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Алғашқы өрт сөндіру топтары сағат 12:07-де келген кезде, жиһаз цехының қоймасы жанып жатқаны және жалынның өндірістік цехқа таралу қаупі төнгені анықталды", - деп жазылған Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Оқиға орнына жиырма техника мен жеке құрамның 60 адамы келді.
40 минут ішінде ашық жалын сөндірілді. Қазір өрт сөндірушілер қайта тұтанып кетпеу үшін конструкцияларға су шашып жатыр. Өрттің себептері, оның ауданы және өрттен келген залал өрт-техникалық сараптамадан кейін анықталады.
Өрт сөндірілген соң жиһаз цехынан әйел адамның денесі табылды.