Жеті баланың анасы, 26 жастағы келіншек Алматы әкімі Ерболат Досаевтан көмек сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесуде көпбалалы ана бұған дейін баспана кезегінде тұрғанын айтты. Алайда 2018 жылы ол тіркелген Алмалы ауданындағы үйі сатылып, әйел ол жердегі тіркеуден шығарылған. Одан кейін Түрксіб өңірінде тіркеуде тұрған, биыл ол жерден де шығарылған.
"Менің күйеуім әскери адам, олардың басқа, өз жүйесі бар. Қазір бізді ешкім тіркеуге қоймайды. Жеті баламмен еш жерде тіркелмегенбіз, мені баспана кезегінен де алып тастады. Менің түсінуімше, 2018 жылы шығарылғам.
Оның үстіне төртінші қызым мүгедек, бірақ оның да мәртебесін растай алмай отырмыз. Өйткені 300 мың теңгеден басталып, үш миллионға дейін жететін генетикалық сараптама жүргізу керек. Менің көлігім бар еді, осы сынақтардың бәрін өз қаражатыма тапсыру үшін оны сатып жібердім. Бірақ қызым әлі мүгедектікке жатпады, ақылы түрде өтуін сұрайды. Күйеуімнің айлығы 160 мың теңге, жәрдемақым 80 мың. Қазір жалға алу қанша екенін білесіз бе? Мен мемлекеттен ештеңе сұрамаймын, тым болмаса баспана кезек бойынша бөлсінші", – дейді алматылық.
Ерболат Досаев оған көпбалалы ананың баспана кезегінен жоғалып кетуіне қатысты мәселені жеке тексеруді тапсырамын деп жауап берді. Қала әкімі мән-жайды анықтағаннан кейін жағдайдың шешімін табуға көмектесуге уәде берді.
"Дерекқорларды тексеріп көрейік, неге бұлай болды және кезекке қайтару үшін не істей аламыз. Өкінішке қарай, бүгін тұрақты тіркеу орныңыздың жоқтығын өзіңіз растадыңыз. Өйткені іс жүзінде бұл тұрғын үй бағдарламасы қала тұрғындарына арналған. Ал оның шарттары республика деңгейінде бекітілген. Бұл критерийлер жойылған жоқ. Мен сізді рұқсатсыз кезекке қоямын деп айта алмаймын. Бірақ, не істеуге болатынын көрейік, әсіресе әскери қызметкердің әйелі болсаңыз", - деді әкім.