08 шіл, 2022 сағат 10:23

Алматыда жеті адамды алдап кеткен әйел ұсталды


Алматыда жеті алаяқтық дерегіне қатысы бар әйел ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Тәртіп сақшылары мәліметінше, Ж. есімді әйел шағын несие сайттарын пайдаланып, екінші деңгейлі банк арқылы кепілсіз несие алу бойынша қызмет ұсынған.

"Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 27 жастағы әйел ұсталды. Барлық арыз тіркелді. ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті өз "қызметі" үшін 100-ден 200 мың теңгеге дейін сыйақы сұраған. Ақшаны алғаннан кейін ұялы телефонын өшіріп тастаған, ал түскен ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланған", - деді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов. 

Күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында. Жедел қызметкерлер алданғандар бұдан да көп болуы мүмкін екеніне сенімді.

"Ұсталған азаматшаның суретін мұқият қарап шығуларыңызды және оның әрекетінен зардап шеккендер болса мына телефон нөмірлеріне хабарласуларыңызды сұраймыз: 8-707-447-07-50; 8-747-699-70-02", - делінген хабарламада.