09 жел, 2022 сағат 16:12

Алматыда жастар театры салынады


Алматыда 2023 жылы жастар театрының құрылысы басталады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс ХХХІ сессиясында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтың ұсынысы бойынша келесі жылы мегаполисте жастар театры салынады. Сметалық-жобалау құжаттамасы мен орны дайын болған соң құрылысын бастаймыз», - деді қала әкімі.

Оның айтуынша, Алматыны - мәдени астана ретіндегі мәртебесін нығайту басты міндеттердің бірі.

«Ол үшін Алматының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы шеңберінде келесі жылы қолданыстағы мәдениет объектілерін жаңғыртуға және жаңа мәдениет объектілерін салуға, әрі мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге назар аударамыз. Мәселен, 2023 жылы мәдениет объектілерінің инфрақұрылымына ерекше назар аударылатын болады, бүгінде олардың 70 проценті тозған», - дейді Ерболат Досаев.

Халықаралық стандарттарға сәйкес қала тұрғындары мен туристерді тарту орталығына айналдыру мақсатында Алматы хайуанаттар бағын кезең-кезеңмен реконструкциялауды бастау жоспарлануда.

Бұған қоса, 2 млрд теңгеге «Алатау» дәстүрлі өнер театрына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Қуыршақ театрын, қалалық архивті жаңғырту және кітапханаларды цифрландыру басталады. «Сонымен қатар, биыл Қазақ мемлекеттік циркінің ғимаратын жаңғыртуға, қазақ зағиптар қоғамы мен қазақ саңыраулар қоғамы үшін мәдениет үйінің жаңа ғимаратын салуға жобалау-сметалық құжаттама дайындадық. Бұл мақсатқа қосымша қаражат бөлінеді»,- деді қала басшысы.