09 қаз, 2019 сағат 10:17

Алматыда жас ана 20-қабаттан секірмек болды

Алматы полицейлері тұрғын үйдің 20-шы қабатынан секірмек болған жас ананы құтқарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы полициясының «102» пультіне «Манхэттен» тұрғын үй кешенінің тұрғындарынан хабарлама түскен. Олар үйлердің бірінің 20-қабатында дәліздегі балконнан аяғын сыртқа салбыратып отырған әйел туралы айтқан. Көрсетілген мекенжайға дереу Буран-080 патрульдік тобы аттанған. Оқиға орнына жеткен полиция аға лейтенанты Саят Бекжанов пен полиция подполковнигі Нұрсұлтан Бектұрсын бұл ақпаратты растап, ғимараттың 20-қабатына көтерілген.

«Бірден шара қолдануға көштік. Оған ақырын жақындадық: әйел балконның шетінде отыр екен. Жанында бала арбасы тұрды, ішінде кішкентай сәби жатты. Көрші үйдің тұрғындары әйелдің назарын өздеріне аударып, мұндай шешімнен бас тартуын өтініп жатты. Жағдайды бағалай отырып, жүгіре жанына жеттік те, балконнан ішке түсіріп алдық. Жағдайды сұрағанымызда әйел ештеңе айта алмай, жылады. Мен оны құшақтап, жұбатуға тырысқанымда, ол қатты жылай бастады. Оның проблемасы болғаны анық. Ең бастысы, жас ана мен оның алты айлық баласы құтқарылды», - деді Алматы қалалық жол-патрульдік қызметінің полицейі Саят Бекжанов.

Белгілі болғандай, әйелдің жасы – 26-да, алты айлық баласы бар, тұрмысқа шыққан. Күйеуі басқа қалада жұмыс істейді. Қазір полиция жас ананың мұндай әрекетке баруына не себеп болғанын анықтап жатыр. Сондай-ақ, онымен психолог жұмыс істеуде.