Фото: zakon.kz
Алматыдағы Сайын даңғылында адам өліміне әкелген жол апаты болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Көлік жол жиегіндегі электр желісінің тірегіне соғылып, екіге бөлінген. Ішінде отырған үш адам оқиға орнында көз жұмған.
"26 қаңтарда сағат 23:30-да Алматы қаласының Әуезов ауданында Honda маркалы автокөліктің жүргізушісі – 2003 жылы туған Р. Сайын көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, рөлді басқара алмай, кедергіге - бағанға соғылған. Осы ЖКО салдарынан жүргізуші мен оның екі жолаушысы – 2003 жылы туған И. және 2004 жылы туған Н. қаза болды", - деді Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Сараптамалар тағайындалды.