Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жаңқош Тұраров өзіне жасалған шабуыл жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматыда болған оқиғаның видеосы Instagram желісіндегі ztb_video парақшасында жарияланды. "Алматыдағы мекемелердің бірінде қазақстандық боксшы Жаңқош Тұраровқа шабуыл жасалды. Белгісіз біреулер спортшылармен жанжал шығарған, кейін тапаншадан оқ атқан", - делінген видеоның сипаттамасында.
Ал өз кезегінде Жаңқош Тұраров Tengrinews.kz тілшісіне оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Оның айтуынша, оқиға бір апта бұрын болған.
"Келіспеушіліктен болған оқиға. Оқиға шамамен бір апта бұрын Алматыда болды. Ешкім зардап шеккен жоқ. Жағдайым жақсы. Оның қолында қандай тапаншаның болғаны белгісіз. Полиция бұл іспен айналысып, қылмыстық іс "Бұзақылық" бабы бойынша жүргізілді. Бұзақылық екі тараптан да болды", - деп пікір білдірді Жаңқош Тұраров.
Айта кетейік, Жаңқош Тұраров кәсіпқой бокста 22 рет жеңіске жеткен, оның 15-ін нокаутпен аяқтаған.