09 қаң, 2020 сағат 12:13

Алматыда жаңа үйлерде әлеуметтік нысандардың ашылуына талап қойылатын болды

Алматыда жаңа тұрғын үйлерде әлеуметтік нысандардың орналасуына талап қойылатын болады. Бұл туралы бүгін брифинг барысында қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа талаптар спорт секциялары, кітапхана, медициналық амбулаторияларға қатысты болмақ.

«Жаңа салынып жатқан тұрғын үйлерде тұрғындардың талабы ескерілуін қалаймыз. Осыған қатысты заң нормасын қайта қарадық. Енді жаңадан салынып жатқан аудандардағы тұрғын үйлерде әлеуметік нысандардың ашылуы міндетті болады», - деді Мұхит Әзірбаев.

Мұндай нысандарға сондай-ақ, мектепке дейінгі және қосымша білім беру нысандары кіреді.

«Жаңадан бой көтеріп жатқан аудандарда балабақша, мектептер құрылысы жолға қойылған. Бұл дұрыс. Тіпті шағын маркеттер, тұрмыстық қызмет орталықтары да бар. Бірақ, бұл жеткіліксіз», - деді әкімнің орынбасары.

Оның айтуынша, жаңа үйлерде бұдан былай спорт секциялары, кітапхана, медициналық амбулатория нысандарын ашу бойынша жаңа талаптар бекітілетін болады.