01 қар, 2019 сағат 13:57

Алматыда жалғызбасты аналар алаяққа алданып қалды

Алматыда жалғызбасты аналарды алдаған алаяқ әйел ұсталды. Алматы полициясы, алаяқтық фактісі бойынша Алматы облысы Қарсай ауданының тұрғыны 47 жастағы О. атты азаматшаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Алматы қалалық ПД Әуезов аудандық полиция басқармасына сілтеме жасап.

«Негізінен ол мемлекеттен жалғызбасты аналарға көмек бар деген сылтаумен 750 мың теңгеден астам ақшаны иемденген. Шындығында, күдікті қаланың тұрғын үй мәселелерін шешуге ешқандай қатысы жоқ. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚРҚК 2-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды» дейді аталған басқарманың бастығы Жасұлан Тұрыспаев.

Күдікті пәтерге мұқтаж және айтқан сөзге тез сеніп қалатын адамдарды өзінің туысы арқылы тауып отырған. Ол құрбандарына проблемалы пәтерлерді сатып алу кезінде «қызмет» ұсына алатындығын айтып, қажетті ақшаның бір бөлігін алғаннан кейін қайта байланысқа шықпаған.