Фото: Pexels.com
Алматы қаласында зейнеткер алаяқтардың құрбанына айналып, 100 мың долларға жуық қаражатынан айырылды.
Stan.kz ақпаратына сүйенсек, ол бірнеше несие алып, ақшасын алаяқтарға аударуға мәжбүр болған. Бұл туралы зейнеткердің ұлы мәлімдеді.
Оқиға барысында белгісіз ер адам өзін қалалық су шаруашылығы мекемесінің қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткерге қоңырау шалған. Ол қызметті растау үшін арнайы кодты енгізу қажеттігін айтқан. Кейін басқа біреу халыққа қызмет көрсету орталығынан екенін айтып, жеке мәліметтерінің ұрланғанын хабарлаған. Алаяқтардан тағы бір қоңырау түскенде, өзін "ҰҚК қызметкерімін" деп таныстырған адам зейнеткердің атына несие рәсімделмек екенін айтып, барлық айтқанын орындауды талап еткен.
Зейнеткер бірнеше сағаттың ішінде алаяқтарға 48 миллион теңге аударып, екі банктен 5 миллион теңгеге несие алған. Алғашында ол оқиғаны отбасына айтпағанымен, қосымша қаражат талап етілгенде, ұлынан көмек сұрауға мәжбүр болған. Олар полицияға арыз түсіргенімен, тергеу баяу жүргізілуде.
Алматы полициясы бұл жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын және жедел-іздестіру шаралары басталғанын мәлімдеді.