Фото: Polisia.kz
Алматы полициясы тұрғындарды тонаумен айналысқан күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікке ілінген 46 жастағы О. есімді азаматқа қатысты екі тонау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті заңсыз баю мақсатында түнде кеш қайтып келе жатқан әйелдерді тауып алып, олардың мойындарындағы алтын бұйымдарын жұлып алған.
"Тергеу барысында, кешкі уақытта қаладағы аудандардың бірінде болған күдікті өтіп бара жатқан адамның мойнындағы алқаны жұлып алып, жәбірленушіге 150 мың теңге көлемінде шығын келтіргені белгілі болды. Айғақты заттар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына қосылды.
Ер адам бұған дейін де осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталған. Қазір тергеушілер күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтап, айғақтарды әзірлеп жатыр" - делінген хабарламада.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.