Алматыда мемлекет активтерін қайтару жұмыстары аясында қылмыстық топтың бір миллиард теңгеден аса мүлкі тәркіленді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 2017 жылы соттың үкімімен жалған кәсіпкерлік пен ақшалай қаржыны қолма-қол айналдырғаны үшін ұйымдасқан қылмыстық топ сотталды.
"Атап айтқанда, қылмыскерлер 86 жалған кәсіпкерлік ашып, 87 миллиард теңгеден аса қаражатты қолма-қол айналдырып, 27,7 миллиард теңгеге салық төлеуден жалтарған. Олар қылмыстық жолмен алынған қаражаттарын мүліктерді сатып алу арқылы заңдастырған", - деді ведомство қызметкерлері.
Сот үкімі бойынша, қаладағы беделді ауданда орналасқан 1,3 мың шаршы метрге жуық көлемде тұрғын үй құрылысы бар жалпы көлемі 1,4 гектар болатын екі жер телімі қайтарылды. Жерлердің біреуінде тікұшақ қонатын алаң орналасқан. Ол нысанның нарықтағы құны - шамамен 1 миллиард теңге.
Сонымен қатар, прокурорлар анықтағандай, қылмыскерлер мүліктерін тәркілеуден жалтарту үшін "пиғылды" жоспарды жүзеге асырған. Осылайша, жер телімдері сотталғандардың біреуінің әкесінің иелігіне шығарылған. Кейін сот үкімін орындаудан жалтару үшін жылжымайтын мүлік төрт мәрте үлестес тұлғалардың арасында жер телімінің конфигурациясын өзгерту арқылы жүзеге асырылған. Жалған мәмілелерді жасау нәтижесінде мүлік қағаз жүзінде сотталғандардың біреуінің қызына қайтарылған.
Бұдан бөлек, осындай "пиғылды" жоспарларды жүзеге асырып, мүлікті сақтап қалу үшін жер телімдерінің кезекті иелерінің бірі қасақана жалған некеге отырған.
"Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуратурасы аталған мәмілелерді, жалған неке туралы мәмілені заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінді. Жүргізілген ауқымды сот процестері, сондай-ақ азаматтық істің апелляциялық сатыда қаралу нәтижесі негізінде, қадағалау органының талап арызы толығымен қанағаттандырылды. Қабылданған шаралар мемлекет пайдасына бағалы мүліктердің қайтарылуына негіз болады", - делінген хабарламада.
912 рет оқылды