15 қаз, 2022 сағат 14:35

Алматыда тергеу изоляторынан қашып кеткен қылмыскер ұсталды


Алматының криминалдық полиция қызметкерлері ЛА-155/18 мекемесінен қашып кеткен қылмыскерді ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Криминалдық полиция басқармасы мен Түріксіб аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қашқын Қарасу ықшам ауданындағы Солтүстік айналма көшесі бойында ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қашу дерегі сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 426-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді", – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.

Айта кетейік, ол осы жылдың қыркүйек айында Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен адам өлтіру дерегі бойынша 10 жылға сотталған.

Қашу дерегі бойынша ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті қызметкерлерге қатысты тексеру жүргізіп жатыр.