11 қаз, 2019 сағат 08:25

Алматыда теракт жасамақ болған азаматтың жолы кесілді

Ұлттық қауіпсіздік қызметі терроризм актісін дайындау жолын кесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы қаласының Алмалы аудандық қылмыстық сотының А.Ж. Битимбаевты терроризм актісіне дайындалу, терроризмді насихаттау, діни алауыздықты қоздыру және атыс қаруын заңсыз сақтау фактілері бойынша 10 жылға соттау туралы үкімі заңды күшіне енді. Ол ҰҚК назарына деструктивті діни идеологияны ұстанушы және Қазақстан Республикасында тыйым салынған «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымының жақтасы ретінде ілікті», - делінген хабарламада.

Тексеру барысында оның Интернетте «ДАИШ» үгіт-насихатының ықпалымен халық көп шоғырланған орындарда жарылғышты пайдаланумен терактілер дайындауы туралы ақпарат алынды.

Қарулы шабуыл жасағаннан кейін ол шетел содырларының қатарына өту және террористік әрекетін жалғастыру үшін Сирияға жетуді жоспарлаған.

Битимбаевтың көрсетілген ойларын болдырмау үшін оны ағымдағы жылдың сәуірінде Алматыда ішкі істер органдарын тарта отырып, ҰҚК күшімен ұстау жүргізілді.

Тінту кезінде одан атыс қаруы мен травматикалық қару, жарылғыш құралдар жасауға арналған құрамдас бөлшектер, үш сауда-ойын-сауық орталығының сызбалары, бетперде мен қолғап алынды.

Битимбаевтың кінәсі куәгерлік түсініктермен, заттай және өзге де дәлелдермен толықтай дәлелденді.