18 қар, 2019 сағат 10:53

Алматыда тауда жоғалған қыз бір аптадан бері табылмай жатыр

Алматыда тауда жоғалып кеткен турист қыз Әсел Панарғалиева әлі табылмай жатыр. Құтқарушылар бойжеткенді бір аптадан бері іздеп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өкінішке орай, әлі табылмады. Іздеу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз», - деді ҚР ІІМ ТЖК Республикалық жедел құтқару жасағы баспасөз қызметі.

Еске салайық, бойжеткеннің жоғалғаны туралы 10 қараша күні белгілі болды. Ол тау туризммен айналысып жүрген. 9 қараша сағат 13:00 шамасында ол Үлкен Алматы (Жосалы) көлінде түскен фотосын әлеуметтік желіге жариялаған.

Одан кейін байланысқа шықпаған. Бұған дейін жүргізілген іздестіру жұмыстары қыздың туыстарының өтініші бойынша тоқтатылған болатын.

Бірақ кейін Ә.Панарғалиеваның жақындары іздестіруді жалғастыруды қайта сұрады.

Сонымен қатар, қызды іздестіруге альпинистер де жұмылдырылды.

Мұның алдында Космостанция ауданында 9 қарашада сағат 13:00-дер шамасында қыздың таудан түсіп келе жатқанын адамдар көрген. Одан кейін полиция қыздың телефоны арқылы қаланың әр бұрышынан телефон қоңыраулары жасалғанын анықтады.