21 нау, 2021 сағат 10:00

Алматыда тағы да карантин: Кәсіпкерлердің ісі қалай болады?

Әлемдегі пандемияға байланысты, Алматы қаласының эпидемиологиялық жағдайына байланысты шаһарда тағы да карантин талаптары күшейтілді. Бұл жағдай еліміздегі шағын және орта бизнестің тұралап қалуына, жұмыстың тоқтап қалуына әкеліп соқтырып отырғаны белгілі. Осы орайда Алматы әкімдігі кәсіпкерлерді шектеу шараларына түсіністікпен қарауға шақырып, барыншы қолдау білдіруге тырысатынын жеткізді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Әсіресе мереке күндері қарсаңында күшейтілген карантин талаптары біраз кәсіп саласына оңай соқпай тұр. Бұл жағдайды ескерген Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мереке күндері қарсаңында енгізілген шектеу шаралары кәсіпкерлер үшін «өте ауыр» екенін айтты.

«Кәсіпкерлер мен қала тұрғындары карантин талаптарына жауапкершілікпен қарап, бір аптаға созылатын шектеу шарасын сақтауын сұраймын. Егер біз бір апта ішінде карантин шектеулерін сақтасақ, бұл қалыпты өмірге және толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деді Еркебұлан Оразалин.

Оның айтуынша, бұл жағдай қаладағы тұрақтылықты сақтауға барынша көмектесуі керек. Сол себепті де Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада 21-28 наурыз аралығындағы кезеңде қалада қатаң шектеу шараларын енгізген болатын. Бұл шектеу жұқтыру механизмін, сонымен бірге жұқтыру тізбегін ажырату бойынша шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.

Дегенмен, қаладағы шектеу шараларына ренжіген кәсіпкерлер де болды. Себебі бұл шағын және орта бизнестің дамуына кері әсер ететінін алға тартып отыр. Сонымен қатар, қарапайым халық та осы шағын кәсіп арқылы күн көріс жасап жүргендіктен бұл жағдай оңайға соқпайтыны белгілі деп отыр.  Сол себепті де Алматыда енгізілген бір апталық қатаң шектеу шараларына қатысты ақпаратты кәсіпкерлер әр түрлі қабылдады.

Қазақстан рестораторлар клубы қауымдастығының басшысы Гүлнар Кәтібаева айтуынша, рестораторлардың бірнеше чаты бар. Жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысандарының иесі бір аптаға жұмыс тоқтайды деген жаңа қаулыны жақсы қабылдаған жоқ.дегенмен түсіністікпен қараудан басқа шара да жоқ екені белгілі.

«Қазір халықтың көбі ауырып жатыр. Оның ішінде кәсіпкерлердің туыстары да, таныстары да, өздері де бар болуы мүмкін. Сондықтан әрине, алғашқы эмоциялар басылған соң олар денсаулықтың маңыздырақ екенін түсінді. Қалыпты жұмыс режиміне оралу үшін бір апта талапты қатаң сақтап, эпидемиологиялық жағдайды оңалту қажет екенін өздері де айтты», - дейді Гүлнар Кәтібаева.

Осы орайда, халықтың сұранысы бойынша, қаладағы жазғы кафелердің жұмыс істеуіне рұқсат берілуі мүмкін деген хабар да тарады. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мәлімдеген болатын.

«Біз жергілікті атқарушы органдарға байланысты қандай қолдау шараларын қабылдай алатынымыз туралы талқылауды белсенді жүргізіп жатырмыз. Былтыр Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қоғамдық тамақтануға уақытша құрылымдарды, үстелдерді, жазғы алаңдарды қандай да бір рұқсат құжаттарынсыз қою мүмкіндігіне келісім берді. Біз бұл мәселені қайта қозғадық. Қала әкімі қолдады», - дейді Еркебұлан Оразалин.

Сонымен қатар, басқарма басшысы жақында локдауннан шығамыз деп үміттенетінін де атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының эпидемиологиялық жағдайына байланысты шаһарда тағы да карантин талаптары күшейтілді. Бұл жағдай еліміздегі шағын және орта бизнестің тұралап қалуына, жұмыстың тоқтап қалуына әкеліп соқтырып отырғаны белгілі. Осы орайда Алматы әкімдігі кәсіпкерлерді шектеу шараларына түсіністікпен қарауға шақырып, барыншы қолдау білдіруге тырысатынын жеткізді. Дегенмен, соңғы күндердегі жағдайға байланысты, Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин енгізілген бір апталық шектеулерді сәуір айының 12-іне дейін ұзартатынын мәлімдеді. Осылайша, енді алматылықтар сәуір айының ортасына дейін осындай шектеулермен қалатын болып отыр.