Алматы полициясы синтетикалық есірткі тасымалдау каналын әшкереледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қылмыстық топты 33 жастағы Түрксіб ауданының тұрғыны басқарған.
«Ұсталмас бұрын күдікті өзінің танысына 1 сіріңкенің қорабы көлеміндей «альфа-PVP» психотропты затын 40 мың теңгеге сатып жіберген. Осы мәміледен соң ол ұсталды. Арнайы операция Боралдай көшесінде болды. Одан әрі тұрғылықты мекенжайында тінту жүргізілді. Нәтижесінде пештің ішінен пакет табылды. Оның ішінен сұр түсті ұнтақ затты бірнеше пакетке орап бөлінген. Жүргізілген химиялық сараптамадан соң тәркіленген химиялық заттардың салмағы 1 келі 760 грамнан асатыны анықталды», - деді Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Әбілбеков.
Тергеу тобының анықтағанындай, күдікті қылмыстық пиғылын жүзеге асыратын кезде сатып алушылармен кездеспеген. Ол клиенттерге есірткіні жасырып қалдырып отырған. Кейін ақшасын электронды төлем жүйесі арқылы алып отырған.
«Жақын арада бұл синтетикалық психотропты заттардың Алматыға жету каналы әшкереленеді. Қазір күдікті қамауда отыр. Оған ҚР ҚК 297-бабының 1-бөлімімен, 287-бабының 2-бөлімімен айып тағылған. Одан бөлек күдіктінің үйінен «Стример» маркалі травматикалық тапанша, қол гранатасы, аңшы пышағы табылды», - деді подполковник Әбілбеков.
Айта кету керек, мұның алдында қалада жастар арасында есірткі жарнамасы ашық баннерлерде жарияланған болатын.
Кейін әкімшілік пен полиция бұл баннерлерді демонтаждады.
Мұндай ашық баннерлер Өскемен, Шымкент, Астана, Қарағанды қалаларында да орналасқан.
Қалалық полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасынан хабарлағандай, «Наружная реклама» ЖШС өкілі ҚР ӘқбК 423-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бап бойынша заңды тұлғаларға 300 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.