Алматыдағы Шығыс айналма автожолында ессіз күйде табылған баланың әкесінің туыстары мен көршілері тергеу мәліметіне сенбейтінін айтып, наразылық танытты. Осыған байланысты Алматы қалалық ІІД өкілдері жарияланған видеоға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, дау-дамай уақытылы тоқтатылып, барлығы тарап кетті.
"Жағдайды түсінбеген. ІІД басшылығы сонда барып, наразылық танытып жатқандарға бар жағдайды түсіндіріп берді. Олар барлығын тыңдап, кейін тарады. Жиналғандардың тарапынан ешқандай ереже бұзушылық болған жоқ", - деді Салтанат Әзірбек.
Еске сала кетейік, осыған дейін Алматыдағы Шығыс айналма автожолында ессіз күйде табылған 4 жасар Мұхамад Асқароғлыны өз әкесі таспен ұрғаны анықталған еді. Баланың әкесі Мұрат Асқароғлы бұл қылмысты өзі жасағанын мойындап, мас күйде болғанын айтқан болатын.