© Photo : Tobias Lindner
Алматыда "Moskva metropolitan" сауда және ойын-сауық орталығы қоршауға алынып, арендаторлар мен келушілер эвакуацияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полицияның мәліметінше, сейсенбі күні сағат 16:09-да сауда үйінің миналанғаны туралы хабарлама түскен.
"Бірінші кезекте келушілер мен орталық қызметкерлері эвакуацияланды, жол-патрульдік полициясы жасақтары аталған нысанға іргелес жатқан жолдан көліктерді басқа бағытқа бұрды", - деп хабарлады полициядағылар.
Орталық әкімшілігі келтірілген қолайсыздықтар үшін келушілерден кешірім сұрады.
Полиция департаменті жедел бақылау орталығының мәліметінше, қазір тексеру іс-шаралары аяқталды. Мина қойылғаны туралы ақпарат жалған болып шықты. Сауда орталығы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлады орталық әкімшілігі.
Айта кетері, бір апта бұрын дәл осындай оқиға болған еді, бомба туралы жалған хабарламаға байланысты “Moskva metropolitan” сауда орталығынан адамдар эвакуацияланды. Ол кезде де құқық қорғау органдары ғимараттан жарылғыш зат таппады.