07 шіл, 2022 сағат 17:33

Алматыда сауда орталығына бір айда төртінші рет "мина" туралы хабар түсті


Алматыда "Мәскеу" сауда және ойын-сауық орталығына бір айда төртінші рет "мина қойылды" деген хабар түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Полиция мәліметінше, бұл жолы бомба туралы хабарлама 7 шілдеде, шамамен 12.12-де түскен.

"Мұндай хабарламаларға алғашқы жауап беру алгоритмі аясында бірінші кезекте орталыққа келушілер мен қызметкерлер эвакуацияланды. Жол-патрульдік полиция жасақтары осы нысанға жақын жолды көліктерден тазартты. Тексеру шараларының нәтижесінде мина туралы ақпарат жалған болып шықты.

Тұрғындарды үрейленбеуге, тыныштық сақтауға және қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан іс-шараларға түсінікпен қарауға шақырамыз", - деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

4 шілдеде осы жер "миналанғаны" хабарланған еді. Тағы екі жағдай 21 және 15 маусымда болды.