17 қаз, 2022 сағат 17:55

Алматыда сақ жауынгері жерленген қорым табылды


16 қазанда Алматы қаласы Алатау ауданының аумағында орналасқан ерте темір дәуірінің авариялық қорғандарындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде б.з.д. V-II сақ дәуірі жауынгерінің жартылай бұзылмаған қорымы табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" шаһар басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдік мәліметінше, қабір шұңқырында алтынмен безендірілген қылыштың сынықтары, аң бейнесіндегі киімге арналған алтыннан жасалған жапсырмалар, сондай-ақ күміс қорытпасынан жасалған киімдер табылды. Жауынгер 3 метрден астам тереңдікте орналасқан ағаш қорапта болған.

«Қазба  жұмыстары жыл сайын жүргізіледі, бірақ мұндай сәтті олжалар сирек кездеседі. Соңғы рет 2014 жылы киімнің алтын сынықтары табылған еді», - деді «Алматы қаласы мұражайлар бірлестігі» КМҚК директоры Ләззат Сағындықова.

Аталған мекеме Алматы қаласы мәдениет басқармасының тапсырысы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.