14 мам, 2020 сағат 13:53

Алматыда пара алып, блокпосттан адам өткізген екі шенеунік сотталды

Төтенше жағдай режимі кезінде азаматтарды блокпостан өткізген Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, осы жылдың 14 мамырында Алматы қаласы Жетісу ауданының №2 аудандық соты Жетісу ауданы әкімі аппаратының бас мамандары К.Е. Әденов пен С.С. Оразовқа қатысты айыптау үкімін шығарған. К.Е. Әденов пен С.С. Оразов бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оларға тиісінше 4 077 500 теңге және 13 300 000 теңге айыппұл салынып отыр.

«Сот оларға өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салды. Сонымен қатар, осы үкіммен азамат В.И. Уджур пара алу кезінде делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 2 430 000 теңге көлемінде айыппұл салынды», - деп хабарлайды агенттіктен.

Аталған лауазымды адамдардың Жетісу ауданындағы блокпостта кедергісіз өту үшін Алматы қаласының тұрғындарынан делдал арқылы бірнеше рет пара алғаны бұған дейін хабарланған болатын.