Алматыда қазақ тілінен республикалық байқау өтті. Дәстүрлі сайыста Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан өзге ұлт өкілдері өзара бақ сынасты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл байқауды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оның қолдану аясын арттыру мақсатында ұйымдастырды.
Биылғы сайыс ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында қарастырылған басым бағыттарды нақты іске асыру тұрғысында қолға алынған байқау Zoom платформасында өтті.
«Олимпиаданың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, ұлы Абай ұлағатын жас ұрпаққа дәріптеу және жастардың мемлекеттік тілге деген ынта-ықыласын арттыру. Осы іспеттес игі істер қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға, өзге тілді жастардың қазақ тіліне құрмет сезімін оятуға ықпал ететіні белгілі», – деді Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Тыныштық Ермекова.
Төрт кезең бойынша өткен сайыс барысында жиырмадан астам студент өзара мықтыны анықтады. Қатысушыларға Алматы қаласы Тілдерді дамыту және үйлестіру жұмыстары бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Анар Салқынбай, Сүлейман Демирел атындағы университеттің профессоры Шаттық Ерғожина, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің деканы Айна Рахимова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан және осы оқу орнының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Гаухар Байташева төрелік етті.
Олимпиада кезеңдерінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қыздар университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Азаматтық авиация академиясы және Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері өз өнерлерін ортаға салды.
Олар «Сәлем – сөздің анасы» алғашқы айналымында өздерін таныстырса, «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» екінші кезеңінде хәкім шығармаларын мәнерлеп жатқа оқып жарысты. Ал үшінші турда әлеуметтік желідегі өз парақшаларында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» тақырыбында жазба жариялады. Соңғы кезеңде адамзаттың данышпанына айналған Абайдың өмірі мен шығармашылығы бойынша құрастырылған тест тапсырмаларын орындады.
Қазылар қатысушыларды бағалауда қазақша сауатты сөйлеуін, ойын жүйелі жеткізе білуін және Абай өмірі мен шығармашылығы бойынша білім деңгейін басты назарға алды.
«Үш сағатқа созылған олимпиада барысында қазақша еркін сөйлейтін, қазақ тілі мен әдебиетін, Абай шығармаларын жан-тәнімен сүйсіне оқитын өзге ұлт өкілдерінің ынта-жігеріне, өнерлеріне риза болдық. Байқау барысында, ұлы ойшылдың сөзімен айтқанда, «толғауы тоқсан қызыл тілді» сөйлетіп, адам жанын тебіренте оқылған өлеңдер мен «көңілге түрлі ой салар» ән-күйлер ерекше әсерге бөледі десек артық айтқанымыз емес. Осындай жұмыстар арқылы олардың қазақ тілі бойынша танымдық қабілетін дамытып, мемлекеттік тілді меңгеруіне ықпал етуді көздейміз. Олимпиада өскелең ұрпақты елжанды һәм ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге зор үлес қосады деп сенеміз», – деді қазылар алқасының мүшелері.
Сайыс соңында қазылар алқасының төрағасы Бақыт Қалымбет Қыздар университетінде осындай өнегелі шара өз жалғасын тауып келе жатқанына ризашылығын білдіріп, мемлекеттік тілді еркін игерген бүгінгі студент жастар – ертеңгі білікті маман, тәуелсіз Қазақ елінің жарқын болашағы екендігін айтты.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдеге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Д. Юсупова лайық деп танылды. Бірінші орынды М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті В. Сучкова иеленсе, екінші орын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті В. Артамонова мен Абай атындағы ҚазҰПУ студенті А. Боловневаға бұйырды. Ал Қыздар университетінің студенті Р. Турдиматова, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ студенттері З. Касимова мен М. Колмагарова үшінші орынды өзара бөлісті.
Сонымен қатар «Мемлекеттік тіл насихатшысы», «Абайтану білгірі», «Көрермендер көзайымы», «Ең үздік пост», «Көркем сөз шебері», «Шынайы ойдың шынары», «Тіл байлығы», «Қазақ тіліне құрмет», «Сөйлеу шебері» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға сертификаттар табысталды.