Жанармай құйылған автоцистернадағы өрт толық сөндірілді. Төтенше жағдай қызметкерлері жарылыстың алдын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еске салайық, бүгін кешкі сағат 20:10 шамасында ТЖД қызметкерлері «Жетісу ауданы, Ангарская көшесі, 97 А» мекенжайына барды. Сегіз минутта оқиға орнына келген олар жанармай құйылған автоцистернаның жанып жатқанын анықтады. Өрт екі теміржол цистернасына тарап үлгерген. Жеке құрам арнайы қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жұмыс істеді. Қабылданған жедел шаралардың арқасында өрт 21:20 минутта оқшауланып, 21:51-де толық жойылды» - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Өртті сөндіруге 28 техника мен жеке құрамның 80 адамы жұмылдырылды. Қызыл жалын 80 шаршы метр аумақты шарпыды.
«Өрт сөндірушілер өміріне қауіп төнсе де, жанар-жағармайы бар 10 резервуарға, яғни (150 тонналық - 4, 80 тонналық - 5, 50 тонналық - 1) өрттің таралуына жол бермеді. Сондай-ақ жақын маңдағы өнеркәсіптік аймақты қорғап қалды», - деп атап өтті ведомстводан.