09 қаң, 2020 сағат 10:19

Алматыда өртенген үйде ұйықтап қалған қыз бала құтқарылды

Алматыда полиция қызметкерлері өртенген пәтерден жасөспірім қызды құтқарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, департаменттің Арнайы жедел әрекет ету жасағының аға инспекторы, полиция майоры Бауыржан Аязбаев пен полиция капитаны Серікжан Едренов өрт шыққан тұрғын үйдің маңайын жаяу қарауылдап жүргенде шұғыл хабарды естіген.

Оқиға орнына дереу жеткен кезде көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерден қою түтін шығып жатқан. Дәлізде пәтердің есігін аша алмай жатқан ерлі-зайыптылар іште қызының қалып қойғанын айтқан.

«Көршілер жедел қызмет өкілдерін шақырғанша әрекет ету қажет еді. Полиция қызметкерлері есікті балтамен сындыруға мәжбүр болған. Үйге кіріп, ұйықтап жатқан қызды алып шығып, медицина қызметкерлерінің қолына тапсырған. Инспекторлар өз міндеттерін тамаша атқарды» - деді Полиция департаментінің Арнайы жедел әрекет ету жасағының командирі Сергей Афанасенко.

Белгілі болғандай, 13 жастағы қыз бала мектептен келген соң газ плитасына тамақты жылытуға қойған. Содан соң жатын бөлмесіне барып, құлаққап киіп ұйықтап кеткен.