14 ақп, 2020 сағат 18:38

Алматыда Назарбаев Зияткерлік мектебі Қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті

Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Қамқоршылық Кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кеңеске «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы К. Шәмшидинова мен қамқоршылық кеңес мүшелері қатысты.

Отырыс барысында мектептің 2019 жыл бойынша даму қорытындысы шығарылды, сондай-ақ білім беру қызметтерінің сапасын одан әрі арттыру, материалдық-техникалық базаны жаңғырту жөніндегі жоспарлар қаралды. Бүгінгі таңда НЗМ Алматы филиалының оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларға белсенді қатысады: 600-ге жуық оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды, 358-і ғылыми жарыстар мен конкурстарда жеңіске жетті.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім беру тәжірибесін қалалық мектептерге тарату және барлық оқушылар үшін НЗМ технологияларының қолжетімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қаладағы 23 жетекші мектеп НЗМ жүйесі бойынша сабақ беруге көшті. Алматы әкімдігінің бастамасымен 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап пилоттық жоба аясында НЗМ стандарттары қаланың 8 шалғайдағы мектептерінде енгізілуде. №7, №195, №186, №193, №184 мектептерде семинарлар, шеберлік және ашық сабақтар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, физика-математикалық, инженерлік бағыттар бойынша және химия, робототехника, бағдарламалау саласында жаңа IT шешімдерін енгізу перспективалары талқыланды. Бұл шаралар оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және еңбек нарығының өзгермелі талаптарына дайындауға мүмкіндік береді.

Талқылау қорытындысы бойынша әкім орынбасары, Алматы қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі қамқоршылық кеңесінің төрағасы Е. Бабақұмаров ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаев атындағы мектептерде ұлттық білім беру сапасын арттыру үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Қамқоршылық кеңес мүшелері мектептің кабинеттік қоры мен ғылыми базасының жұмысын тексеріп, зертханалар, физика, химия, робототехника кабинеттері, оқу телестудиясы, оранжерея және кітапхананы көріп шықты.