10-17 наурыз аралығында Алматыда заңсыз жүрген азаматтарды анықтау және қалада криминогендік жағдайды жақсарту мақсатында «Мигрант» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Іс-шараның төрт күнінде ҚР көші-қон заңнамасын бұзған 1 263 адам анықталды және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Қазақстан Республикасы аумағынан 101 шетелдік, оның ішінде жеті адам азаматтық сот ісін жүргізу арқылы елден шығарылды. Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзғаны үшін 951 шетелдік әкімшілік, шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін 282 қабылдаушы тарап жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзған 30 жұмыс беруші де жазаланды. Сонымен қатар, заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырудың 6 дерегі анықталды және тіркелді», – деді Алматы қалалық полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.
Құқық бұзушылардың арасында қолына емізулі сәбиін ұстап, базарда қайыршылықпен айналысқан 26 жастағы Өзбекстан азаматшасы да бар.
Сондай-ақ, 2017 жылдан бері Қазақстан Республикасының аумағында жеке басын куәландыратын құжатсыз және тұрақты тұрғылықты жері жоқ болып жүрген 50 жастағы Өзбекстан азаматына қатысты әкімшілік шара қолданылды. Сот шешімімен ол ел аумағынан шығарылды.