27 мау, 2022 сағат 22:33

Алматыда мұнара кранының неліктен құлағаны белгілі болды


Алматыда көктемде құрылыс алаңында КБ-308 рельсті мұнара краны құлауының себебі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Биыл сәуір айында Алматының «Жас қанат» шағынауданында КБ-308 рельсті мұнара краны 9 қабатты ғимараттың парапетіне құлаған болатын. 

Осыған орай құрамында Алматы қалалық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті мен түрлі мүдделі тараптардың өкілдері бар комиссия апатқа тексеріс жүргізді. 

Комиссияның мәліметінше, тексеріс объективті және жан-жақты жүргізу мақсатында «ТехБез Алматы» ЖШС-ның техникалық сараптамасы тағайындалды. 

Кранның металл конструкцияларының үлгілерін «САПА ИНТЕРСИСТЕМ» ЖШС сынады. Кран бөлшектерінің металына металлографиялық талдау жүргізілді. 

«Кран элементтерін зерттеу бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасының қорытындысы негізінде кранның құлауының ықтимал себебі - кран құлаған жердегі рельс жолының шөгуі, сондай-ақ, кран секциялары шпилькаларының бұрандалы қосылыстарының тозуы және созылуы. 

Сондай-ақ, комиссия өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бірқатар бұзушылықтарын анықтады:

- өндірістік бақылау ұйымдастырылмаған; 

- өндірістік бақылау туралы ереже әзірленбеген; 

- өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайына тексеру жүргізу кестесі болмаған; 

- жүк көтергіш крандардың, алмалы-салмалы жүк қармау құрылғылары мен ыдыстардың қауіпсіз пайдаланылуын қадағалау бойынша жауапты инженерлік-техникалық қызметкер, кран жолдарының техникалық жай-күйін тиісті түрде қадағалауды жүзеге асырмаған және өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидаларын бұзудың алдын алу үшін шара қолданбаған», - делінген комиссия хабарламасында. 

Тексеріс нәтижесі бойынша комиссия апаттың себептерін жою және болашақта осындай жағдайларды болдырмау жөнінде ұсынымдар берді. 

Ал құрылыс компаниясы инженерлік-техникалық қызметкерді жауапкершілікке тартты.