Алматы қаласының депутаттары бейбіт митингілерді өткізу орындарын бекітті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ел Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы әрбір ірі қалада митингілер өткізуге болатын екінші орынды белгілеу туралы тапсырма бергенін білесіздер. Бізде бірінші орын – «Сарыарқа» кинотеатрының артында орналасқан гүл бағы болатын. Бірақ ол уақытша орын еді. Қазір ол заңды түрде бекітілді. Ал екінші орын ретінде М.Ганди атындағы саябақ белгіленді. Бастапқыда «Оңтүстік» саябағы ұсынылды. Бірақ комиссия бұл жер митингілер өткізуге бейімделмеген деген шешімге келді», - деді мәслихат депутаты Рахман Алшанов.
Оның сөзінше, заң жобасы қоғамдық кеңесте талқыланды, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қаралды. Ал қазір ҚР Үкіметінің қарауында жатыр.
Ол сондай-ақ бейбіт жиналыстар туралы хабардар ету сипаты қарастырылғанын атап өтті.
«Хабардар ету сипаты енгізілді. Бірақ қашан және қалай өткізілетіні жергілікті билікпен келісіледі. Себебі ауруханалар, мектептер, әскери бөлімшелер алдында сынды тыйым салынған орындар болады. Ұйымдастырушылар өтініш береді, әкімдік қарап, келіседі», - деп түсіндірді Рахман Алшанов.
Бұл ретте, оның айтуынша, жиналыстардың тақырыбы мен қатысушылардың санына шектеу қойылмаған. Тек тақырыбы бекітілген заңға сәйкес келуі тиіс.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында қоғамда митинг өткізу мәдениетін қалыптастыру керектігін айтқан болатын.